ШҚО тұрғынының көлігінен заңсыз ауланған бір тоннадан астам балық тәркіленді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы тұрғынының көлігінен заңсыз ауланған бір тоннадан астам балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары Өскемендегі Тоғас-Аязбаев көшелерінің қиылысында Тарбағатай ауданының 32 жастағы тұрғыны тізгіндеген көлікті тоқтатқан.

Тексеру барысында тиісті құжаттары жоқ бірнеше қап балық табылды. Өз сөзінде ол балықты Жарма ауданынан әкеле жатқанын жеткізген. Қаптарда 905 келі көксерке, 30 келі шортан, 29 келі сазан, 119 келі ақтабан және 30 келі торта балығы бар.

«Балықтың жалпы салмағы 1 113 келіні құрайды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігіне (Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,- деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.


Соңғы жаңалықтар