ШҚО тұрғынының көлігінен заңсыз ауланған 136 келі балық табылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тұрғынынан заңсыз ауланған 136 келі балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 12-18 наурыз аралығында өңір аумағында «Құқық тәртібі» жедел-алдын алу шарасы жүргізілуде. Полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

«Соңғы 5 күннің қорытындысы бойынша тәртіп сақшылары ізін суытпай 147 қылмысты және бұрын жасалған 74 қылмысты ашты. 7800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде ұсақ бұзақылық жасаған – 955, алкогольді ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін – 1270 адам жауапқа тартылды. Қауіпсіздік белдігін тақпаған 1014 жүргізуші, жаяу жүргіншілердің жүру ережелерін бұзғаны үшін 1301 адам айыппұл арқалады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Шара барысында патрульдік полиция ротасының инспекторлары Мейіржан Жақсыбек пен Думан Советханов «Алматы-Өскемен» тасжолының 970-шақырымында «Тойота Камри» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында көлік салонында тиісті құжаттары жоқ 136 келі балық табылды.

«Мемлекетке келтірілген шығын мөлшері 265 000 теңгені құрады. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 389 бабына сәйкес (жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз иемдену, өткізу, тасымалдау, әкелу, әкету, сақтау, ұстау) әкімшілік хаттама толтырылған», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар