ШҚО тұрғыны: Зырянда 40 жылдан бері мұнша жол жөнделмеген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ШҚО әкімі Зырян ауданына жасаған іссапары кезінде жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Нәтижесінде мердігер атанған компаниялар барлық жолдарды 20 тамызда қолданысқа беруге міндет алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан орталығының өзінде бірнеше көше үлкен жөндеуден өтуде. Олардың ішінде Рудная, Жақсыбаев, Горький сияқты негізгі даңғылдар да бар. Әсіресе 1964 жылы асфальт төселген Горький көшесі соңғы 25 жылда жөндеу көрмепті.

Жөнделуі тиіс 15 көшенің 9-ында жөндеу жұмыстары басталған. Ал 6 көшеде конкурстық процедуралардың созбаққа салынуы салдарынан әлі басталмаған.

Осы мақсатқа бөлінген 311 млн теңгенің әзірге тек 80 млн теңгесі ғана игерілген. Аймақ басшысы мердігерлерді жұмысқа қарқын қосуға шақырды.

«Барлық жолдар 20 тамызға дейін дайын болуы керек. Бөлінген ақшаны неге игермей отырсыздар? Жаз болса бітіп келеді. Ал жұмыста не сапа, не өнім жоқ. Межеленген мерзімде жұмыс аяқталатын болсын, сапаны да естен шығармаңыздар» - деді облыс әкімі.

Даниал Ахметов шаһардың сыртқы келбетін де сынға алды. Әсіресе жек меншік сауда орындарының келбеті қаланың жалпы көркін бұзып тұрғанына назар аударды.

«Зырянда соңғы 40 жылда мұнша жол жөнделмеген. Ол үшін ризамыз. Біз де Өскеменге ұқсап үйлердің ауласын заман талабына сай абаттандырмақпыз. Соған көмектессеңіздер» - деді Владимир Деригзалов есімді тұрғын.

Аймақ басшысы жуықта ғана Зырян қаласында ашылған инсульт орталғына бас сұқты. Мұнда барлық қажетті қондырғылар жеткізілгенімен жөндеу жұмыстары аяқталмапты.

«Сапалы қондырғылар мен жайлы төсектер алыныпты. Осындай жағдай жасалып отырғанда құрылысшылардың жұмысты сағызша созғаны дұрыс емес. Жұмысты жандандыра түсіңіздер» - деді ол.

Соңғы жаңалықтар