ШҚО тұрғыны жарты ғасырдан астам уақыт жеке куәліксіз жүрген

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны жарты ғасырдан астам уақыт жеке куәліксіз жүрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 52 жастағы ер адам осы уақытқа дейін жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрген. Оған бұл құжатты рәсімдеуге Өскемен қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметінің мамандары көмектесті.

«Шығысқазақстандық 1970 жылы Өскемен қаласында туған. Оның ата-анасы Қазақстан Республикасының азаматтары болған. Алайда өмірлік қиын жағдайлар оған ең маңызды құжатты алуға мүмкіндік бермеген. Көші-қон қызметі ер адамның Қазақстан азаматтығына жататындығын растау үшін қажетті құжаттарды жинауға көмек көрсетті», - делінген ақпаратта.

Енді оған маңызды қызметтерді, оның ішінде әлеуметтік және медициналық қызметтерді алу рәсімдері жеңілдейді.

Айта кетейік, 2023 жылдың басынан облыс бойынша 30-дан астам адам өз мәртебесін анықтап, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алған.


Соңғы жаңалықтар