ШҚО тұрғыны үйінде 50 келіден астам есірткі сақтаған
2020 жылғы 14 қыркүйек 12:47

ШҚО тұрғыны үйінде 50 келіден астам есірткі сақтаған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – 7 қыркүйек күні Өскемен-1 станциясындағы желілік полиция бөлімі басшысының жетекшілік етуімен «Транзит» жедел алдын алу шарасы аясында Шығыс Қазақстан облысы, Серебрянск теміржолына жақын орналасқан жер үйлердің біріне тінту жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тінту барысында 45 жастағы азаматтың бақшасында, ауласында, шатырдың астында және үйінің ішінде полиэтилен пакеттерге салынған, өткір иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес заттар табылды. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, бұл заттар қарасора мен кептірілген марихуана болып шықты.

Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 50 келіден асады. Аталған факті бойынша есірткі заттарын аса ірі көлемде заңсыз сақтағаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетейік, Өскемен-1 станциясындағы желілік полиция бөлімі жыл басынан бері есірткіге қатысты 13 қылмыс фактісін анықтады. Оның екеуі ауыр санатқа жатқызылған.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT