ШҚО тұрғыны полицейге тіл тигізгені үшін 40 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді
2021 жылғы 30 қаңтар 14:44

ШҚО тұрғыны полицейге тіл тигізгені үшін 40 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны полиция қызметкеріне тіл тигізгені үшін 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 102 жедел арнасына қоңырау шалған әйел күйеуінің өзін ұрып-соғып, балаларын қорқытатындығын айтқан. Сол жерге тәртіп сақшылары келген кезде мас адам оларды балағаттай жөнелді. Полицейлер үй иесін тыныштандыруға тырысқанымен ол мүлде құлақ аспаған. Аузына ақ ит, кіріп көк ит шыққан ер адам құқық қорғау органының қызметкерлерін қорлауын жалғастыра берді.

«Сотталған азамат пробация қызметінде тіркеуде тұр. Ол полицейге тіл тигізгені үшін 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Әр күн сайын 4 сағаттан қар тазалап, қарттарға көмектесуде», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев орта және орташа ауыр жемқорлық қылмыс жасағандарды қоғамдық жұмыстарға тартуды күшейтуді ұсынған еді. Агенттік басшы мұндай жаза еліміздің қылмыстық заңнамасында көзделгенімен соттар оны мүлдем тағайындамай отырғанына баса назар аудартты.


Jańalyqtar

MURAǴAT