ШҚО тұрғыны көмектесемін деп өзгенің атынан онлайн несие алып келген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері 20-дан астам адамды алдап соққан екі алаяқты қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Anti-fraud» жедел алдын алу шарасы барысында интернет алаяқтықпен айналысқан екі адамды ұстады.

«30 жастағы ер адам жарнама сайтына соңғы үлгідегі ойын консолін арзанға сататын айтып жалған хабарландыру жариялаған. Ол қызығушылық танытқандарға өзінің шотына алдын ала төлем жасағанда ғана консолді сататынын айтады. Ақша түскеннен кейін алаяқ телефонды өшіріп, байланысқа шықпай кетеді. Осылайша, елдің әр түрлі өңірлерінде тұратын 9 жәбірленушіні алдаған», - делінген ақпаратта.

Екінші алаяқ интернетте несие рәсімдеуге көмек көрсететіндігі хабарландыру жариялаған. Оған сеніп қоңырау шалған азаматтардан барлық қажетті құжаттарды, соның ішінде жеке куәлік, банк картасы мен басқа да жеке деректерін жинаған. Содан кейін олардың атынан онлайн несие рәсімдеп, ақшаны өзіне иемденген. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары оның заңсыз әрекетінен зардап шеккен 12 адамды анықтады. Бірақ олардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

«Күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігімен (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Олар 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін», - деді департамент бастығы Сағат Мәдиев.

Соңғы жаңалықтар