ШҚО тұрғындары жол ережесін бес күнде 6,3 мың рет бұзды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 5 бес күнде жол қозғалысы ережесін бұзған 1200-ден астам жаяу жүргінші жауапкершілікке татылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында жол қозғалысы ережесін бұзудың және жол апаттарының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» шарасын өткізді. Соның нәтижесінде, 5 күн ішінде жол ережесін бұзудың 6300-ден астам фактісі анықталды.

«Атап айтқанда, 54 адам – мас күйде көлік басқарғаны үшін, 770 жүргізуші – жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырғаны үшін, 590-ы – рульде отырып, телефон пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Ал 39 жүргізуші қарсы жолаққа шыққаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылды», - делінген ақпаратта.

Мәселен, Өскеменде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Бажов көшесін патрульдеу кезінде 37 жастағы тұрғынның басқаруындағы «ВАЗ» автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде ер адамның өзін ұстауы полицейлерге күдік ұялатты. Кейіннен анықталғандай, ол мас күйде болған. Сондай-ақ ер адам 2020 жылы 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Шара барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған 1200-ден астам жаяу жүргіншіге айыппұл салды. Бұдан бөлек, 74 көлік айып тұрағына қойылып, 65 көліктің мемлекеттік нөмірі тәркіленді.


Соңғы жаңалықтар