ШҚО тұрғындары заңсыз сақталған 100 қаруды өткізді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары полицияға заңсыз сақталған 100 қаруды өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде сатып алу бойынша арнайы акция жалғасып жатыр.

«25 сәуір күні басталған акция аясында осы күнге дейін азаматтардан 73 өтініш келіп түсті. Олар өз еркімен 100 қаруды тапсырған. Оның ішінде 16 ойық және 84 тегіс ұңғылы атыс қаруы бар», - деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.

Акция шеңберінде заңсыз сақталған қару немесе оқ-дәрілері бар кез келген адам ішкі істер органдарының бөлімшесіне жүгініп, қаруды өткізгені үшін ақшалай сыйақы алады. Қару-жарақты өз еркімен тапсырғаны үшін оның түрі мен санатына қарай республикалық бюджеттен төлем жасау көзделген. Сыйақы 10-нан 100 АЕК-ке дейін, яғни 30 630-дан 306 300 теңгеге дейін жетеді.

ҚР Қылмыстық Кодексінің 287-бабына сәйкес заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскемен тұрғынының атына 3 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ ұсталғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар