ШҚО тұрғындары үшін қанша тонна көмір жеткізілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысына қыркүйек-қазан айларында коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік үшін 440 мың тоннадан астам көмір жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өңірге қазан айында 232 мың тоннадан астам қатты отын жеткізілген. Бұл жоспардың 129% құрап отыр. Ал қыркүйекте 213 мың тоннадан астам көмір темір жол арқылы тасымалданды.⠀

«Қазақстанда әртүрлі меншік иелерінің 63 мыңнан астам вагоны бар. Олардың 55% көмір тасымалдауға тартылды. «Қазтеміртранс» АҚ қатты отынды тасымалдау үшін 13 мыңнан астам ашық вагонды жұмылдырды. Бұл қазіргі парктің 66% құрайды», - делінген ақпаратта.⠀

Мәлім етілгендей, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы әкімдіктер мен жүк жөнелтушілерден халық арасында дүрбелең тудырмас үшін көмір дайындауды алдын ала ұйымдастыру туралы бірнеше рет өтініш білдірген. Сонымен қатар көмір кеніштерінде ашық вагондардың бос тұрып қалуына жол бермей, тиеу мерзімдерін сақтау ұсынылған.

Айта кетейік, ҚТЖ-ның орталық аппаратында көмір тасымалдау бойынша штаб, ал жол бөлімшелерінде мониторингілік топтар жұмыс істейді. Олар кірме жолдардың иелерімен бірлесіп стратегиялық жүкті жеткізу мәселелерін жедел шешеді.

Еске салсақ, ШҚО-да бірнеше күн көмір кезегінде тұрған ер адам өз-өзін өртеп жібермек болған еді.


Соңғы жаңалықтар