ШҚО тұрғындары шектен тыс ауыр жүк тиеген көліктерге шағымдана алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы өңір тұрғындарын жалпыға арналған жолдармен шектен тыс ауыр жүк тиеген көліктерді бірлесіп ауыздықтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Инспекция басшысы Кенжебек Мұқашевтың айтуынша, өңірдегі жолдардың жиі бүлінуіне аса ауыр салмақтағы жүк көліктер себепкер. Облыс бойынша мемлекеттік тіркеуге алынған 5900 жүк көлігінің 728-і осы санатқа кіреді. Олардың бәрін қадағалауға өңір бойынша жұмыс істейтін 2 жылжымалы кешен жеткіліксіз. Осы себепті инспекция басшысы Кенжебек Мұқашев өзінің Facebook парақшасы арқылы тұрғындардан көмек сұрады.

«2015 жылдан бері Қазақстан аумағында жалпы қолданысқа арналған автомобиль жолдарында ауыр салмақты самосвалдардың жүруіне тыйым салынған. Жолдарды күтіп ұстау үшін сондай шешім қабылданған. Өңірдегі көлік қатынасына бейжай қарамайтын кез келген шығысқазақстандық бұл іске атсалыса алады. Ол үшін 8-701-203-00-59 нөмірі арқылы инспекция басшысына, 8-705-441-68-52 нөмірі арқылы инспекция басшысының орынбасарына хабарласуға болады. Ал Whats App, Telegram желілеріне +7 708 0880800 нөмірі арқылы мәлімет бере аласыздар» делінген хбараламада.

Шығыстағы асфальт жолдардың барлығы кеңес заманында салынған. Сол кездегі талап бойынша төселген асфальт жолға жалғыз біліктен 3,5 тонна, ал қосар біліктен 6 тонна салмақ түсуі тиіс деп қарастырылған.

«Қазіргі таңда бұл талаптарға бағынбайтын шетелдік ауыр көліктер қаптап жүр. Бірі шекарадан тауар тасыса, енді бірі түрлі карьерден тау жыныстары мен кен тасиды. Қарастырылған тәртіп бойынша мұндай техникалар асфальт жолға паралель төселген техникалық жолдармен жүруі тиіс. Мәселе осы талаптардың сақталмауынан туындап отыр. Жыл басынан бері карьерден кен шығару кезінде талаптарды орындамай, салмақ асырғаны үшін көлік иелеріне 7 млн. теңге айыппұл салынды. Дәл осындай бассыздық үшін тасымалдаушылармен қатар 11 жүк жөнелтуші әкімшілік жауапқа тартылып, 1 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, мемлекет пайдасына түсті», - дейді Кенжебек Мұқашев.

Соңғы жаңалықтар