ШҚО тұрғындары мал ұрлығына алаңдаулы

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданында ауыл шетінен жылқы атып жүрген қылмыстық топ ұсталған болатын. Ұры ұсталғанмен, тұрғындар әлі алаңдаулы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері Мамай батыр, Сағыр, Баяш Өтепов ауылдарында малға қару кезенетін ұрылар пайда болған. Айналдырған екі аптаның ішінде үш ауылдан төрт бие атылыпты. Әсіресе Мамай батыр ауылының тұрғыны Асылбек Зейноллаұлының малына қырғидай тиіп жүр.

«Былтыр жазда 11 бас сиырым ауыл шетінен ұрланған болатын. Қаңтардың басында екі биемді атып әкетті. Сонда бір жылда 13 бас малдан көз жазып отырмын. Бір апта бұрын тағы бір биені оққа байлап, іштегі құлыны мен өкпесін тастап кеткен болатын. Ендігісі мынау. Бұл да туайын деп тұрған болатын. Қансырап жатып өлді» - дейді мал иесі.

Бие құлаған маңнан гильза табылғанмен, мылтық табылмапты. Тұрғындарды сол алаңдатып отыр.

«Алдынан полиция шыққанда қарақшылар тұра қашқан деседі. Сол кезде біреуі сытылып кетті ме деген қаупіміз бар. Онда мылтық соның қолында кетті деген сөз. Ауыл шетіне келіп мал атудан тайынбаған қаныпезерлер ертең үйімізге келіп өзімізді атпасына кім кепіл? Қазір малға жалғыз-жарым шығудан да қалдық. Топтанып барып жүрміз» - дейді Асылбек.

Тау арасында оңаша отырған Бердімұрат Сүйеніштің отбасы да осындай үрейдің құшағында жүр.

«Екі ат көктемде ұрланған болатын. Ал биемді қаңтардың алғашқы күндері атып әкетті. Полицияға арыз бергенбіз. Соңғы биені ұрлағанын ғана мойындапты. Ал көктемде жоғалған екі аттың ізі әлі ашылған жоқ. Ұры әбден басынып алды. Бір шыққанда Баяш Өтепов ауылынан бір бас, Сағыр ауылынан екі бас, Мамай батыр ауылынан бір бас жылқы атып алған. Адал еңбегімен жан бағып отырған халықты бұлайша басынуға бола ма» - дейді Бердімұрат Сүйеніш.null

Облыстық полиция департаменті осы оқиғаға байланысты ресми ақпарат таратты.

«Жергілікті тұрғындардан жайылымда жүрген жылқысы жоғалғаны туралы 3 арыз түскен болатын. Жалпы шығын мөлшері - 1,3 млн теңге. Бүгінде осы ұрлыққа қатысы бар үш адам анықталды» - делінген.

Полиция күдіктілердің санын үшеу ғана десе, ауыл тұрғындары төрт адам ұсталды деп отыр. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 188 бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.

«Бізге төрт адам ұсталды деп айтылды. Оның біреуі Сағыр ауылының тұрғыны екен. Қалған үшеуі Тарбағатай ауданының тумалары деп естідік. Шығын көлемі 1,3 млн теңге дегендерімен де келіспеймін. Жалғыз менің шығыным бір миллион теңгеден асады. Оны арызда нақты жазып көрсеткенмін» - дейді Бердімұрат Сүйеніш.

Тұрғындар ұрыларға тағылып отырған айыптың тым жұмсақ екенін айтады.

«Мал атқан қарудың қайда кеткені түсініксіз болып тұр. Қолымызда мал сойған маңнан табылған гильзалар бар. Бір оқ соңғы атылған биенің етінен шықты. Сол арқылы-ақ мылтықтың маркасын анықтауға болады ғой. Ұрланып келіп сойса, жай ғана ұрлық деп айтуға болар еді. Ал бұлар көп-көрінеу мылтық атып, сес көрсетіп жүр. Қарақшылықтан несі кем? Сондықтан әрекеттеріне сай жаза алғанын қалаймыз» - дейді Асылбек Зейноллаұлы.

Бұл сауалды облыстық полиция департаментіне қойған едік.

«Нақты ұсталған үш адам. Тұрғындар айтып отырған төртінші адам куәгер ретінде немесе де басқа да жағдайда іске тартылуы мүмкін. Ал қандай қарудан оқ атылғанын сараптама анықтайды. Ол қарудың қайда екенін тергеу жүріп жатқандықтан айтуға болмайды» - дейді департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Айгерім Нұрғазина.

Соңғы жаңалықтар