ШҚО тұрғындары бейберекет төккен 226 қоқыс үйіндісі анықталды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 226 стихиялық қоқыс үйіндісі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша бейберекет төгілген 226 қоқыс үйіндісі анықталды. Қазіргі уақытта оның 128-і жойылды. Ал 98 жерде қоқыстан тазарту әлі жүріп жатыр.

«Осындай үйінділердің пайда болу себебі – ауылды жерлерде қалдықтарды басқару жүйесінің жоқтығы, соның ішінде қалдықтарды жинау және шығару пунктерінің болмауы. Жыл сайын құзырлы мемлекеттік мекемелер және қоғамдық ұйымдар ластанған табиғи аумақтарды тазарту мақсатында сенбіліктер өткізеді. Алайда бұл мәселе 30 жылдан бері түпкілікті шешімін таппай келеді», - делінген ақпаратта.

Ведомство өкілдерінің дерегінше, Шығыс Қазақстан облысы бойынша қалдықтарды басқару бағдарламасын құру қажет.

«Бірнеше ауылдық округте бір ұйым қалдықтарды шығарумен айналысуы керек. Бұрын бұл жұмысты коммуналдық қызметтер атқарса, қазір оны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асыруға болады», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар