ШҚО таулы аймақтарында 6 рет жарылыс жасалып, 7300 текше метр қар түсірілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында қар көшкіні жүру қаупі бірнеше күннен бері сақталып келеді.

Соған орай бүгін «Өскемен-Алтай» тасжолының 58-66 шақырымында профилактикалық көшкін түсіру жұмыстары жүргізілді.

«Қазселденқорғау» ШҚ филиалы және ТЖД мамандары тасжол бойында 6 жарылыс жасады. Нәтижесінде, 7300 текше метр қар түсірілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қыс мезгілі басталғалы бері облыста 46 рет жасанды жолмен қар көшкіні жүргізіліп, жалпы көлемі 37 010 текше метр қар түскен.

Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.


Соңғы жаңалықтар