ШҚО су қоймаларына кешенді тексеру жүргізу қажет - сенатор

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстандағы 15 мыңнан астам тұрғынды су басу қаупі төніп тұр. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған сенатор Ольга Булавкина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, Үйдене су қоймасы 10 жылға жуық уақыттан бері апатты жағдайда тұр. 2017 жылдан бастап бөгетті жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Алайда қаржыландырудың болмауына байланысты жоба тек 35%-ға орындалды. Дайындалған жобалау-сметалық құжаттардың мерзімі аяқталды, сонымен қатар онда басты суағардың негізгі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары қарастырылмаған болып шықты. Аймақтағы басқа да бірқатар су қоймасында күрделі жағдай қалыптасып отыр.

«Шығыс Қазақстан облысындағы бұдан басқа тағы екі су нысаны бойынша да осындай жағдай болып отыр. Мәселен, Тарбағатай ауданының Қандысу су қоймасы мен Күршім ауданының Орта-Теректі су қоймасы 2019-2021 жылдар аралығында жөнделуі тиіс еді. Бөгеттер тасқын судан бұзылған жағдайда су басу аймағында 15,5 мың адам қалып қояды. Магистральдық және шаруашылық ішілік арналардың техникалық жай-күйінің нашарлығы тасымалдау кезінде көп мөлшердегі судың жоғалуына әкеліп соғады. Бұл су қоймалары апатты жағдайда болғандықтан ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ететін бірден-бір көз бола алмайды. Суару үшін су беру мүмкіндігі де жоқ, демек ол дақылдар өнімділігінің төмен болуына әкеледі»,- деді Ольга Булавкина Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор сонымен қатар, жердің тозуы да осы аудандардағы аса маңызды әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблема болып табылатынын атап өтті. Депутат аудан халқының ең маңызды табыс көзі – аграрлық кәсіпкерлік пен мал шаруашылығы саласын дамыту болып табылатынын ескере отырып, бірқатар ұсыныс айтты.

«Өңір тұрғындарының өміріне қауіп төндіріп тұрған авариялық жағдайға орай ШҚО су қоймаларына кешенді тексеру жүргізуді сұраймын. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін облыстың авариялық жағдайдағы су объектілерінде қаржыны Үкімет резервінен уақтылы бөлу керек. Шекара маңындағы аудандардың стратегиялық маңызын ескере отырып, аграрлық секторды қолдау үшін су көздерін толыққанды пайдалану проблемасын жан-жақты қарау керек. Осы объектілерде жөндеу жұмыстарының мерзімдерін қысқарту, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар арасындағы бюрократиялық кедергілерді азайту үшін жоғарыда аталған шаралардың іске асырылуын бақылау үшін бірыңғай орталық атқарушы орган айқындалсын», - деді Ольга Булавкина.


Соңғы жаңалықтар