ШҚО прокуратурасы су тасқынына дайындықты талқылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасында жауапты құрылымдардың су тасқыны мерзіміне дайындығы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары, Төтенше жағдайлар департаментінің, ШҚО Табиғат пайдалану және табиғи ресурстарын реттеу басқармасының, «Шығыс Су Қоймалары» мекемесінің басшылары, сондай-ақ, бейне конференция байланысы арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.

Уәкілетті органдар көктемгі су тасқыны мерзімінде төтенше жағдайлардың тәуекелін азайту бойынша қабылданатын шаралар туралы баяндады. Атап айтқанда, жоспарға сай қажетті техникалар мен суды бөгеу материалдары жеткізілген.

Елді мекендерден қар шығарылып, қорғау бөгеттері нығайтылды, өзендердің жағаларын бекіту жұмыстары жүргізілді.

«Ауылдар мен қалаларды су басу қатерінің алдын алу үшін адамдарды уақытша орналастыру пунктері, сондай-ақ, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жедел топ құрылды, адамдарды көшіру бағдарлары әзірленді",- делінген облыс прокуратурасы таратқан ақпаратта.

Есептерді тыңдаған облыс прокуроры өткен жылы орын алған ахуалды болдырмау бойынша қосымша шараларды қабылдау қажеттілігін атап өтті.

Сондай-ақ, барлық уәкілетті және мүдделі органдарға алдағы су тасқыны мерзіміне баса назар аудару талап етілді. Басты міндет -азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың мүлкін сақтау, қоршаған ортаға және мемлекетке келтірілетін ықтимал залалдың алдын алу.

Осыған байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Атап айтқанда, жұмыс топтарының соңғы тексерісі нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою, профилактикалық жарылыстардың жүргізілуіне бақылауды қамтамасыз ету, өзендердің қауіпті жерлерінде мұзды бөлшектеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар