ШҚО полицейлері биыл азаматтығы жоқ 200-ден астам адамды анықтады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері жыл басынан бері азаматтығы жоқ 200-ден астам адамды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл өңір бойынша азаматтығы жоқ 231 адам анықталды. Қазіргі уақытта оның ішіндегі 225-і азаматтық алып отыр. Олар осыған дейін құжаттарының болмауына байланысты әлеуметтік көмектен қағылып, ресми түрде жұмысқа тұра алмай келді. Сол себепті департаменттің Көші-қон қызметі жан-жақты құқықтық көмек көрсетті.

- Мысалы, тамыз айында Үржар ауданының 36 жастағы тұрғыны алғаш рет жеке куәлік алды. Ол аудандық полиция бөліміне жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу үшін жүгінген. Әйел адамның туу туралы куәлігі де болмағаны анықталды. Көші-қон қызметінің мамандары оған туу туралы куәлік алуға көмектесті. Енді елдің толыққанды азаматы болған әйел мемлекеттік қызметтерді еш кедергісіз ала алады, - деді облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.

Осы ретте, тәртіп сақшылары жеке басын куәландыратын құжаты жоқ облыс тұрғындарын жергілікті көші-қон қызметіне жүгінулерін сұрайды.


Соңғы жаңалықтар