ШҚО полицейлері 3600-ден астам құқық бұзушылықты анықтады
2022 жылғы 23 қаңтар 22:08

ШҚО полицейлері 3600-ден астам құқық бұзушылықты анықтады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері 3600-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 15 қаңтардан бастап жүргізіліп жатқан «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасының мақсаты – өңір аумағында тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстардың дер кезінде алдын алып, заңсыздықтың жолын кесу.

«Шара басталғалы бері полицейлер заңсыз сақталған 11 атыс қаруын тәркіледі. Жалпы саны 3 652 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін - 832, қоғамдық орында ішімдік ішкені немесе мас күйде болғаны үшін - 1 064, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрғаны үшін - 1 148 адам жауапқа тартылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Бұдан бөлек, көші-қон қызметі бағыты бойынша 107 құқық бұзушылық тіркелді. Атап айтқанда, ӘҚБтК-нің 517-бабына сәйкес (шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР заңнамасын бұзуы) 65 адамға айыппұл салынды.


Jańalyqtar

MURAǴAT