ШҚО: полицей 8 наурыз мерекесі қарсаңында сүйіктісіне ұсыныс жасады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкері 8 наурыз мерекесі қарсаңында сүйіктісіне ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаментінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ерекше оқиға болды. Өскемен қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Тұрсынғали Жасұлан өзінің әріптесі, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Махаббат Маратоваға шаңырақ көтеруге ұсыныс жасады.

«Мерекелік бейнеролик түсіру барысында тосынсый әзірлеген Жасұлан өзінің сүйіктісіне гүл шоғын сыйға тартып, оған үйленуге ұсыныс жасаған. Әрине, бұл әсерлі сәт бейнежазбаға түсіп қалды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ғашық жандар өткен жылдың күзінде танысыпты. Олар бір уақытта кадрлар бөліміне кезекті еңбек демалысын рәсімдеу үшін келген. Сөзден сөз шығып әңгімелері жарасқан екі полицейдің таныстығы осылай басталып, содан кейін достық шынайы махаббатқа ұласқан.

«Әріптестер Жасұлан мен Махаббат өздерін қызмет табыстырғанын айтады. Екеуі де ішкі істер органдарында адал қызмет етіп келеді», - делінген мәліметте.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ШҚО Полиция департаментінде 50-ден астам ерлі-зайыпты қызмет етеді.


Соңғы жаңалықтар