ШҚО перзентханасында дауыс беру қарқыны жоғары

None
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында төртінші баласын дүниеге әкелген әйел перзентханада дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елімізде Парламент Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттарды кезектен тыс сайлау өтіп жатыр. Бұл саяси науқаннан жаңа босанған әйелдер де қалыс қалмауда.

Мәселен, Өскемендегі Ана мен бала орталығында №60 жабық сайлау учаскесі орналасқан. Перзентханада барлығы 200-ден астам адам дауыс беруге құқылы. Таңертеңнен бері 50-ден астамы өз таңдауын жасап үлгерді. Соның бірі – Эльвира Раянова.

«Мінекей, төрт баланың анасы болып отырмын. Бүгін менің жаңа туған сәбиім екеуміз өз таңдауымызды жасадық. Бұл балаларымның және елімнің болашағы үшін жасалған таңдау! Менің ойымша, бұл күні әрбір азамат дауыс беруі керек», - дейді ол.

Сайлау қарсаңында өңірде 14 сәби – 4 ұл және 10 қыз дүниеге келген.

Айта кетейік, Өскеменде бүгін 122 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қала бойынша барлығы 243 169 адам дауыс бере алады. Осы уақытқа дейін ешқандай құқық бұзушылық анықталмады.


Соңғы жаңалықтар