ШҚО өрт сөндірушілері жылыту маусымы басталғалы 160 мың үйді аралап шықты

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары жылыту маусымы басталғалы 160 мың үйді аралап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жылыту маусымы басталғалы бері жер үйлерде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілген.

«Осы уақытқа дейін құтқарушылар барлығы 160 мың үйді аралап шықты. Нәтижесінде 40 012 үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғандығы анықталды. Ол үйлерде барлығы 42 820 бұзушылық тіркелген. Профилактикалық шаралар тұрғындар санын көптеп қамтуға және оларға қауіпсіздік ережелерін үйретуге мүмкіндік береді», - делінген ақпаратта.

Бұзушылықтар көбінесе жылыту жүйелерін, электр желілері мен электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбауға байланысты болып отыр. Әрбір үшінші үйде қауіпсіздік ережелері сақталмаған.

Рейдтерден бөлек, құтқарушылар жылыту маусымы басталғанға дейін әлеуметтік осал отбасылардың үйлерде улы газды анықтайтын 2476 датчикті орнатты.


Соңғы жаңалықтар