ШҚО өрт сөндірушілері күніне 15-20 рет шақыртуға шығады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Облыстық ТЖД өрт сөндірушілерге шақырту жиілегенін мәлімдеді. Осы айдың басынан бергі уақыттың өзінде 111 өрт шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері өңір құтқарушылары күн сайын 15-20 рет қызыл жалынды ауыздықтауға шығады.

Сәуір айының басынан бері далада 111 өрт болған. Тілсіз жауды сөндіруге 145,5 тонна су жұмсалды. Көп жағдайда өрттің шығуына халықтың отты абайсыз қолдануы себеп болып отыр. Көбінесе далада кәуәп пісірудің соңы өртке ұласып жататындықтан, департамент өкілдері сақтық шараларын еске салады.

«Заң бойынша ашық ауада кәуәп пісіруге тыйым жоқ. Бірақ мұны өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес жасау керек. Біріншіден, мангал үйлер мен ғимараттардан кемінде 10 метр қашықтыққа қойылуы тиіс. Бензинді немесе басқа жанғыш сұйықтықты пайдалануға қатаң тыйым салынады. Қатты жел кезінде от жақпаған абзал. Әркез мангалдағы отты бақылап, жақын маңға қажет болған жағдайда су дайындап қойыңыз. Демалыс соңында отты сөндіріп, мангалды қақпақпен жабыңыз», - дейді өрт сөндірушілер.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да 5 га аумақта далалы алқап жанып кеткенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар