ШҚО ормандарында сәуірден бері 33 өрт шықты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы ормандарда сәуір айынан бері 33 өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде сәуір айынан бері далада 215 рет шөп жанған. Қызыл жалынның жалпы ауданы 481 гектарды құраған. Бұдан бөлек, ормандарда 33 өрт шығып, 414 гектар жер отқа оранды.

«Құтқарушылар тілсіз жаудың алдын алу үшін космомониторингті пайдалануда. Ондағы деректерді «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ мен Geosat ЖШС ұсынады. Термонүктелер бойынша деректерді алып, отты тұтанған сәтінде сөндіруге мүмкіндік бар. Бүгінде ғарыштық технологияның көмегімен департамент қызметкерлері 93 өрттің таралуына жол бермеді», - делінген ақпаратта.

Дала өртінің алдын алу үшін мемлекеттік өрт бақылау органдарының қызметкерлері полицейлермен, орманшылармен және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп профилактикалық рейдтер жүргізуде. 444 адамнан тұратын 68 мобильді топ құрылған.

«Бүгінге дейін 391 рейд өткізілді. Соның нәтижесінде шөп өртеуге және от жағуға байланысты қауіпсіздік ережелерін бұзған 38 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстанда бірде-бір жағажай шомылу маусымына дайын емес екендігін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар