ШҚО Онкология және хирургия орталығында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысындағы Онкология және хирургия орталығындағы жөндеу жұмыстарының жай-күйін тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Даниал Ахметов ШҚО Онкология және хирургия орталығындағы жөндеу жұмыстарының барысын, операциялық блокты, реанимация, маммология және гинекология бөлімшелерін қарап шықты. Реконструкциялау жұмыстарын осы жылдың наурыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бүгінде аталған орталықтың екінші корпусы жөнделуде. Операциялық және орталық зарарсыздандыру бөлімшесі бірінші қабаттан бесінші қабатқа ауыстырылған. Онкологиялық ауруларды барынша дәл диагностикалауға мүмкіндік беретін заманауи жабдық сатып алынды. Сондай-ақ қазіргі уақытта бір технологиялық базаны пайдалана отырып, қашықтан сәулелік терапия мен радиохирургиялық араласулардың барлық түрлерін жүргізетін желілік үдеткішті орнату бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Құрылыс жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Тек қабырға панельдерін қайта жөндеу керек. Олар әдетте ешқандай дыбыс шығармай, сапалы салынуы тиіс. Медициналық біртекті линолеум да дәл сондай болуы қажет. Наурыз айының соңында осында тағы бір келіп тексеремін, - деді Даниал Ахметов.

Айта кетейік, өңірді дамытудың кешенді бағдарламасы аясында Өскемендегі онкологиялық орталықтың 37 маманы әлемнің үздік онкологиялық клиникаларында, атап айтқанда: Ұлыбритания, Франция, Италия, Израиль, Түркияда біліктілігін арттырды.


Соңғы жаңалықтар