ШҚО-ның медициналық мекемелеріне 60 жедел жәрдем көлігі берілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық мекемелер 60 жаңа жедел жәрдем көлігімен толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық бюджет қаражатына сатып алынған жедел жәрдем көліктері жергілікті «СЕМАЗ» ЖШС-да шығарылған. Олар ШҚО және Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханаларының станцияларында сап түземек.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов жақын арада облыстың қалалары мен аудандарындағы барлық жедел жәрдем бөлімдеріне жол тартатын бұл отандық көліктерге оң бағасын берді.


«Бүгінде 60 көлік жұмысқа дайын. Оның 40-ы Өскеменге жіберіледі. Жедел жәрдем көліктері медициналық қызмет сапасын арттырады. Біз олардың науқастарға қысқа уақыт ішінде жедел жетуін қамтамасыз етуіміз керек. 13 қарашада тағы 40 көлік дайын болады. Олардың барлығы Семей қаласының жедел жәрдем бөліміне беріледі. Бұл нормативтік деңгейден екі есе артық. Одан кейін, жыл соңына дейін басқа аудандарды да жасақтаймыз. Бұл шаралар коронавируспен күресте өз септігін тигізетініне сенімдімін», - деді Даниал Ахметов.


Санитарлық автокөліктер барлық халықаралық стандарттарға сай. Олар шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған өкпені жасанды желдету аппараттарымен, ЭКГ, дефибрилляторлармен, пульсоксиметрлермен және басқа да қажетті аппараттармен толықтай жабдықталған. Осы жылдың соңына дейін медициналық ұйымдарға жалпы саны 216 жедел жәрдем көлігі берілмек.

Айта кетейік, шалғай ауылдардағы тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау мекемелеріне 10 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Атап айтқанда, Риддер қаласы, Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Глубокое, Абай, Жарма, Көкпекті, Бесқарағай және Шемонаиха аудандары аталмыш кешенмен қамтамасыз етілген.


Соңғы жаңалықтар