ШҚО-ның медицина мамандары алғаш рет бүйрек ауыстырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында алғаш рет бүйректі ауыстыру бойынша операциялар жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО Ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысындағы Трансплантология орталығы республикадағы төрт өңірлік трансплантация орталықтарының бірі. Еліміздің шығыс өңірінің өзінде ғана бүйрек трансплантациясына 500 адам зәру болып шықты. 26 және 27 маусым күндері орталықта бүйрек алмастырудан алғашқы рет екі ота жасалып, олар сәтті өтті.

Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының жетекшісі, профессор Жақсылық Досқалиев басқарған жергілікті хирургтер төрт сағат бойы ең қиын операциялардың бірін жасады. Өскемен қаласының 56 жастағы тұрғыны өзінің 32 жастағы ұлына бүйрегін беріп, доноры атанды. Дәл қазір ер адам емін жалғастыруда.

Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, шығысқазақстандық дәрігерлердің өздігінше операция жүргізуге білімдері де, тәжірибелері де жеткілікті.

«Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен, өңірде жаңартылған операция жасау жүйесі жасалған. Емханада күрделі оталар жасау үшін барлық жағдай бар. Трансплантология орталығының келешегі зор, мұнда тек бүйрек қана емес, сондай-ақ, өкпе, бауыр алмастыру бойынша операциялар өткізуге болады. Ең бастысы - жергілікті дәрігерлердің жұмысын адал істеуге деген ынтасы жоғары болса, болғаны. Айта кету керек, бүгінде трансплантациялық операция өңірдің барлық тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр», - деді проефессор.

Дәрігерлер екінші операцияны өз беттерімен сәтті алып шыққан. Бұл жолы ота Күршім ауданынан келген Анар Әубәкіроваға жасалды. Әйелге 2015 жылы «гламирді нефрит» диагнозы қойылған. 2017 жылдың қазан айынан бері науқас гемодиализ жасату үшін 3 рет ауруханаға келуге мәжбүр болған.

«Маған Шығыс Қазақстандағы алғашқы отаны жасауға ұсыныс түскенде көп ойланбастан, бірден келісімімді бердім. Шегінерге жол болмады. Туған әпкем маған донор болды. Екеуміздің сәйкестігіміз өте жақсы болғандықтан, ота мен одан кейінгі сауығу уақыты қиындықсыз өтті», - деді Анар Әубәкірова.

Бүгінде науқастың жағдайы жақсы, ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.

Соңғы жаңалықтар