ШҚО-ның Маховка өзенінде балық қырылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы Маховка өзенінде балық қырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Солнечный кентінің тұрғындары Маховка өзенінде балық қырылғанын көріп, дабыл қаққан. Оқиға орнына департамент мамандары шұғыл жеткен. Олар жағалауды шолып, химиялық талдау үшін судан сынама алды.

Белгілі болғандай, балық осыдан бір апта бұрын қырылған. Глубокое аудандық ветеринариялық инспекциясының қызметкерлері өлі балықты жинап алды.

«Бұған дейін бізге «Таза Өскемен» мекемесінің Маховка өзенін ластағаны жайлы арыз түскен еді. Соған орай кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталғандай, 20 мамырда мекемеге тиесілі тазарту қондырғысының сорғышы істен шыққан», - делінген ақпаратта. Соның салдарынан су қоймасына лай қоспалары бар су төгілді. Сол үшін «Таза Өскемен» КМК-ге 9 700 344 теңге мөлшерінде айыппұл салынып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында браконьерлерден 2 тоннадан астам балық тәркіленгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар