ШҚО-ның Глубокое ауданынында төтенше жағдай жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауа райының күрт жылынып, еріген қар суларының пайда болуынан Глубокое ауданында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта жергілікті және атқару органдары қызметкерлері, коммуналдық қызметтер және өрт сөндіруші-құтқарушылар Прогресс, Глубокое, Тарханка, Белоусовка ауылдарында судан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 «Өскеменде 17 адам өз үйіне оралды, 23 адам әлі де «Үлбі»әлеуметтік көмек көрсету орталығында қалды. Тағы 5 адам Н. Крупская атындағы интернатқа жайғастырылды. Кей тұрғындар туыстарының үйінде уақытша тұрып жатыр», - делінген Комитет хабарламасында.

Су басқан аймаққа көмек көрсету үшін бүгін түнде Павлодар облысынан құтқарушылар тобы келді.

Апат салдарын жою жұмыстары күндіз-түні жүргізіліп жатыр. Жеке құрам мен құтқарушылар тобы су арнасын бұруға жұмылдырылды. Бір тәулікте шамамен 12 мың текше метр су шығарылды, инертті материалы бар шамамен 6 мың қапшық төселді.

«Өскемен-Семей» тас жолының 29 шақырымындағы жол ашылды. Жол жабынын су басу қаупі сейілді.

Қауіпті аймақтарды бақылау тәулік бойы жүргізілуде. Өз кезегінде, құтқарушылар азаматтарды байбалам салмауға, мессенджер арқылы тарап жатқан арандатушылық хабарламаларға сенбеуге шақырады.

Су деңгейінің көтерілгені байқалса, «112» және «138» телефондарына хабарласқан жөн. Құтқару қызметі келгенше құжаттарды, қажет заттарды және азық-түлік қорын алу қажет.

Қазіргі уақытта 49 үй мен жүзден астам ауланы су басқан. Құтқару және өрт сөндіру бөлімшелерінің негізгі күштері мен құралдары облыс орталығы мен Глубокое ауылына бағытталып отыр.

Прогресс ауылында су тасқыны салдарынан 50-ден астам адам көшірілді. Адамдардың бір бөлігі ауыл мектебіне, кей тұрғындар - туыстарына орналасқан. 10 ірі қара мал және 20 ұсақ мүйізді қауіпсіз жерге жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар