ШҚО-ның Балаларды оңалту орталығы карантин кезінде қалай жұмыс істеуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында карантинге қарамастан Оңалту орталығындағы балаларды емдеу тоқтап қалмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемендегі Балаларды оңалту орталығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантинге жабылып қалған болатын. Осылайша соңғы бір ай бойы балалар оңалтудан қашықтан өтуде. Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 150 бала оңалту және әлеуметтік бейімделуден өтеді. Күн сайын балалармен дефектологтар мен логопедтер жұмыс істеп, олар физиотерапия сессияларына қатысулары қажет. Алайда ата-аналар бейнероликтер бойынша балаларымен өз бетінше айналысып, орталық мамандарынан консультацияны бейне-чат арқылы алып отырғанына бір айға жуықтаған.

ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев балаларының жағдайына алаңдаушылық танытқан ата-аналармен кездесу өткізіп, оларға барлық мән-жайды айтып, қашықтан оқыту карантиндік шектеулер жағдайында жасалған мәжбүрлі қадам әрі қажетті шара екенін түсіндірді.

«Мекемені жабу кезінде мамандар тарапынан үй жағдайында тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін– интернет-ресурстарға сілтемелер, бейнероликтер, саусақ гимнастикасы, бейне-чат бойынша кеңестер сияқты оқыту тапсырмалары әзірленді. Барлық тапсырмалар балалардың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, оқу бағдарламаларына сәйкес жасалған. Әр бала өзіне қолайлы кесте бойынша айналысады. Күн сайын мамандар ата-аналармен кері байланыс орнатып, тапсырмалар мен жаттығуларды орындау туралы фото және бейнематериалдар жібереді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар