ШҚО-ның Ақсуат ауылында қазақ күресінен әлемдік Гран-при жеңімпазы анықталды

None
None
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Маусымның 16-17 күні күні Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында қазақ күресінен әлемдік Гран-при турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Vksport.kz сайтының жазуынша, жарысқа Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Германия, Дания, Қырғызстан, Чехия, Грузия және өзге де, барлығы 23 елдің балуандары қатысты.

Олар екі салмақ санаты бойынша сынға түсті: 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары (түйе балуан). 80 келіге дейінгі салмақта ақтық сынға ШҚО-ның екі балуаны - Марат Қуаныш пен Ғабит Дәулетбаев шықты. Нәтижесінде Марат Қуаныш Гран-при иегері атанды. Екінші орынды Ғабит Дәулетбаев алса, үшінші орын өзбекстандық Расул Камалитдиновқа бұйырды.

Ал «түйе балуан» сайысында өзбекстандық Мухсин Хисамутдинов жеңімпаз болды. «Күмісті» ресейлік Рустам Арсаланов, «қоланы» грузин Бека Берданишвили иеленді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақ күресінен Ырғызбай Досханұлы атындағы жарыс алтыншы рет өтуде. Соңғы екі жылда ол әлемдік Гран-при деңгейінде ұйымдастырылуда. Қазақ күресінен бөлек мұнда ат спортынан турнирлер өтті - көкпар, бәйге және аламан бәйге.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Жалпы жүлде қоры - 15 млн теңге. Атап айтқанда, турнирдің басты жүлдесі - 1,5 млн теңге болса, екінші орын иегеріне - 1 млн, үшінші орынға 500 мың теңге берілді. 

Соңғы жаңалықтар