ШҚО-ны 9 жыл басқарған Даниал Ахметов несімен есте қалды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бүгін қызметінен босатылған Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып алғаш рет 2014 жылы тағайындалған. Міне, содан бастап табаны күректей тоғыз жыл өтті. Бұл – рекорд. Ел бойынша бір өңірдің тізгінін бұдан артық ұстаған ешкім жоқ. Осы тоғыз жылда Алтай өлкесін Ахметов құлпыртты ма, әлде құлдыратты ма, тоздырма ма, оздырды ма? ҚазАқпарат тілшісі бұл мақалада соның жауабын іздеп көрді. Даниал Ахметовтың тұсында облыста болған басты оқиғалар да еске алынды.
Фото: ШҚО әкімдігі
Даниал Кенжетайұлы 1954 жылы 15 маусымда Павлодарда дүниеге келген. Яғни, кеше саясаткер 69 жасқа толып отыр. Әр жылдары Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімі, Үкімет басшысының орынбасары, кейін бірінші орынбасары, Қорғаныс министрi болды. 2003-2007 жылдары өзінің ең жоғарғы лауазымы – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметін атқарды. Ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі ретінде 2014 жылдың қарашасында жұмысқа кіріскен.


Жол жағдайы көңіл көншітпейді

Өңір тұрғындарын әңгімеге тартсаңыз, түгел дерлік бірінші жол мәселесін көтереді. Себебі облыстағы жолдардың жағдайы нашар. Бұл тоғыз жылда мүлде жол жөнделмеді деген сөз емес. Бірақ Өскеменнің өзінде шұрық тесік жол көп. Ал ауылдардағы ахуал тіптен қиын.

Өңірдің қалаларына апаратын жолдар да мәз емес. Мәселен, Өскемен мен Риддер арасында қатынап жүргендер үнемі жол азабын тартады. Семейге апарар жол да жаңартылмады.

2018 жылы Өскемен-Алтай бағытындағы Осинов асуынан төте жолдың құрылысы басталғанда бөркін аспанға атқан жұрттың қуанышы ұзаққа созылмады. Бұл - өте маңызды жол. Себебі Алтай ауданындағы айдынды Бұқтырмаға және табиғаттың нағыз тамашасын өзіне сыйдырған Катонқарағайға осы жол арқылы жетесіз. Міне, 5 жыл өтсе де жол салынып бітпеді. Оның себебі – жол салушылар байқаусызда орман шаруашылығының жеріне кіріп кеткен деп түсіндірілді. Қазір жобаның бағасы айтарлықтай қымбаттай түскен. Анығы сол, әлі күнге дейін жол салынбай тұр.


Қарғын су қыр көрсетті

2018 жылы көктемде ШҚО жұртын қарғын су әлекке салды. Су үйлерді басып, жолдарды бөгеді. Алты аудан мен Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар эвакуацияланып, қонақ үйлер мен мектептерге көшірілді.

Фото: ШҚО әкімдігі

Даниал Ахметов су алған жерлерді аралап, тиісті шаралардың уақтылы атқарылуын қадағалады. Тасқын салдарынан барлығы 83 үй қайта қалпына келтіруге жарамай қалды. Далада қалған тұрғындарға жаңа баспана беріліп, жан-жақты көмек көрсетілді.

Фото: ШҚО ТДЖ


Коронавирус кезіндегі шу

2020 жылдың ақпан айында әлеуметтік желіде «Коронавирус жұқтырған қытай азаматтары Зайсан ауданына жеткізіліп, жергілікті ауруханаға жатқызылады екен» деген сыңайдағы ақпарат тарап кеткен. Осыны естіп үрейленген Сартерек және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары топ болып көшеге шығып, емхана алдына жиналды. Сол жаққа қарай аттанған облыс әкімі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, жұртты сабырға шақырған.

Фото: ШҚО әкімдігі

«Қытаймен екі арадағы шекара жабылды. Ал сол елден келген біздің 5 азаматымыз оқшауланып, карантинге жатқызылады. 3 күннен кейін Зайсанға тағы келіп жағдайды бақылаймын», - деді сол кезде ол.


Риддердегі қос апат

Фото: ШҚО әкімдігі

Осы тоғыз жылда риддерліктерге екі бірдей қорғасындай ауыртпалық түсті. 2021 жылы көктемде Риддер орман шаруашылығында шыққан жалыннан 31 үй қирап, 5 автокөлік, 7 шаруа қожалығы және техникалық қызмет көрсету станциясы жанып кеткен. Екі ер адамды күйік шалып, қарт әйел көз жұмған. Сол кезде тілсіз жаудың салдарынан баспанасынан айырылған әр отбасыға облыс әкімдігі тарапынан жаңа үйдің кілті берілді.

Фото: ШҚО ТДЖ баспасөз қызметі

Айтпасақ та біліп отырған боларсыздар. Екінші апат – Риддер жылу электр орталығында болды. Дәлірек айтсақ, апаттар. Себебі 2022 жылы күзде басталып биылғы мамыр айында аяқталған жылыту маусымында орталықты су да басты, өрт те жалмады, ал қазандықтар қайта-қайта істен шықты. Бұл туралы ҚазАқпаратта үздіксіз жарияланып отырды.

Фото: ШҚО әкімдігі

«Жылу электр орталығындағы жабдықтардың 74,5 пайызы тозған. Бірінші апат шыққанға дейін мұнда мемлекет талап ететін 75 жұмысшының орнына 29 адам ғана жұмыс істеген. Бүгінде ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары күн сайын үш ауысыммен үздіксіз жүргізілуде», - деді Даниал Ахметов осы мәселеге қатысты маусым айының басында айтқан сөзінде.


Медицинадағы оңды өзгерістер

Мойындау керек, Шығыс Қазақстан медицинасы өңірді Даниал Ахметов басқарғанда айтарлықтай дамыды. Бұл маңызы зор салаға мол қаражат құйылып, жаңа ауруханалар салынды, озық заманауи жабдықтар сатып алынды. Қазір облысқа емделуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетіндер де бар.

Фото: ШҚО ақпарат орталығынан

Өңірдегі 7 медициналық ұйым жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 33 түрін көрсетеді, бұл республика бойынша медициналық көмек түрлерінің 42%-ын құрайды. Көрсетілген жоғары технологиялық көмектің жалпы саны 5 жылда 5 есе артқан. Дәрігерлердің де біліктілігі арттырылып жатыр. 2017 жылдан бастап облыстың 210 ақ халатты маманы шетелге барып білім алып келді.

Фото: ШҚО ақпарат орталығынан

Бірақ еліміздің Шығысында медицина мінсіз деуге әсте келмес. Себебі дәрігер тапшылығы сезілуде. Ауылдарды айтпай-ақ қоялық, Өскеменнің өзінде дәрігерге қаралу үшін талай күн тосуға тура келеді.

Фото: ШҚО ақпарат орталығынан


Семейде серпіліс жоқ

Жаңа облыс құрылғанға дейін Абай, Шәкәрім, Мұхтардай алыптарды дүниеге әкелген киелі Семей жері өгей баланың күйін кешті. Ел арасында «Семейде аспалы көпірден басқа көретін түк жоқ» деген сөз тарады. Себебі қаланың инфрақұрылымы, көшелері, жолдары әбден тозып, халық жұмыс таппай әдігерге түсті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ашық айтқан.


«Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті», - деді Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйегінде.

Міне, содан да болар Семей бөлек облыстың орталығына айналғанда шаһар жұрты қатты қуанды. Себебі Семейге серпіліс керек-ақ.

Семейден бөлек, Шығыс Қазақстандағы шекаралық ауылдардың жағдайы мүшкіл күйге жетті. Жұмыссыздық пен өркениеттің жоқтығынан халық жаппай қалаға бет түзеп, ауылдардың түтіні тым сиреп кетті.


Ахметов Vs Ниязов

«Әкімдер» бағдарламасының жүргізушісі болған журналист, қазіргі блогер Асхат Ниязов биыл ШҚО әкімінен сұхбат алғысы келетінін өз парақшасына жария еткен. Алайда оның видеоматериалында көрінгендей, Өскеменге келгенінде сұхбат құру мүмкін болмай қалды.

Кейін Даниал Ахметов Жеңіл атлетика федерациясының президенті ретінде елордаға келгенде блогер де сонда барған. Дегенмен тағы да ойлағаны іске аспады. Осы болмаған сұхбат жайлы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Әйтеуір, 5 маусымда Ниязов Ахметовпен Риддер қаласында сұхбаттасты.

Фото: instagram.com/asshot.inc


Сапасыз салынған үйлер

Даниал Ахметов әкім болған жылдары Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны артқаны рас. Бірақ үйлердің сапасы «жыр» болды. Мысалы, 2019 жылы Өскемендегі Бауыржан Момышұлы көшесінде пайдалануға берілген көпқабатты үйдің қабырғасына қапталған материал 2 жылға жетпей бұзылды. Есенберлин көшесіндегі көпқабатты үйдің де сыртқы қаптамасы жел соққан сайын опырылып түсіп жатыр.

Фото: facebook.com/AkhmetovDanialkz

Былтыр Зайсанда көпбалалы отбасыларға берілген үйлердің төбесінен су ағып, қабырғалары көгеріп кеткені жайлы жазған болатынбыз. Айта берсек мысал көп. Облыс орталығындағы жаңа үйлерде «Бірінші қабатта түшкірген адамды бесіншіде тұратындар естиді» деген әзіл-шыны аралас сөз де айтылып жүр.

Фото: facebook.com/AkhmetovDanialkz


Археология алға басты

Осыдан сегіз жыл бұрын ШҚО-да археологиялық қазба жұмыстарын дамыту мақсатында арнайы бағдарламаны іске қосылды. Міне, содан бері талай нәтижеге қол жеткізілді. Әлемдік деңгейдегі жаңалықтар да болды. Оның ішіндегі екеуін ерекше атап өткен жөн. Біріншісі, 2018 жылы Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауында біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырдағы Ерте сақ дәуіріне жататын тоналмаған «Алтын адамның» табылуы. Екіншісі, сол Елеке сазында ел бойынша алғаш рет табылған – көне түркі заманына жататын бірегей қағандық кешен.

Фото: ШҚО ақпарат орталығынан

«Лондон қаласындағы Кембридж университеті жанындағы Фицуильям мұражайында өткен «Ұлы дала алтыны» көрмесінде Берел, Шілікті және Елеке Сазынан табылған жүздеген бірегей алтын жәдігер ұсынылды. Төрт айға созылған көрмені 25 мыңға жуық адам тамашалады», - дейді Шығыс Қазақстан аумағында жүргізілген ауқымды археологиялық қазба жұмыстарына жетекшілік еткен белгілі археолог Зейнолла Самашев.


Фото: ШҚО ақпарат орталығынан

Шырқы кеткен «Шығыс Ақпарат»

Тілші болған соң тағы бір айта кетерлік дүние – Ахметов тұсындағы Алтайдағы ақпараттық саясаттың ақсағандығы. Республикалық БАҚ-пен, әлеуметтік желіні ашып қалсаң – сыннан көз ашпайсың. Неге? Тереңіне үңілсек, бұның себебі – билік пен БАҚ арасының тым алшақтап кетуі.

Өңірдегі ең ірі ақпараттық медиахолдинг – «Шығыс Ақпараттың» жағдайы күннен күнге нашарлап, еңбек ұжымы жалақысын да уақтылы ала алмай қалған. Бұл холдинг Бердібек Сапарбаев ШҚО әкімі болып тұрған тұсында құрылған еді. Құрамында облыстық «Дидар», «Рудный Алтай» газеттері, Altaynews.kz ақпараттық сайты және бірнеше аудандық басылым бар. Алайда соңғы 8 жылда, яғни Даниал Ахметов облысты басқарғалы бері ұжымның берекесі қашып, басшы тұрақтамады. Тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінен зейнетке шыққан адам холдинг тізгінін қолға алып, тілшілерді басқарып отырды.

Бұны аз десеңіз, бірлі-екілі адамды санамағанда Өскеменде жұмыс істейтін республикалық БАҚ тілшілері облыс әкімдігінде өтетін жиналыстарға кіре алмайтын болды. Ашығын айтқанда, журналистер Даниал Ахметовке жақындай да алмай қалды. Ақпаратты тек әкімдіктің баспасөз қызметінен алып отыруға мәжбүр болды. Оның себебі беймәлім.

P.S. Әлеуметтік желіде Абай облысындағы орман өртіне қатысты да Даниал Ахметов жазаға тартылуы тиіс тұлғалардың бірі деген пікірлер көп жазылып жатыр. Ресми органдар осыған қатысты Даниал Ахметовтен жауап алынады деген ақпарат та тарады. Бірақ бұл оқиғаның мән-жайы тергеу аяқталған соң ғана белгілі болады.


Соңғы жаңалықтар