ШҚО мен Абай облысындағы мектептерде өрт қауіпсіздігін бұзудың 2 мыңнан астам фактісі тіркелді

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы мектептерде өрт қауіпсіздігін бұзудың 2 мыңнан астам фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда екі өңірде 653 білім беру мекемесі бар. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 420 мектеп ерекше тәртіпте тексерілген.

«Соның нәтижелері бойынша 417 нысан, яғни 99%-ы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып пайдаланылғаны анықталды. Жалпы саны 2 мыңнан астам бұзушылық тіркелді. 392 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде 320-сы ескерту алса, 82 азаматқа жалпы сомасы 3 млн 607 мың теңге айыппұл салынған», - дейді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Өміржанов.

Қазіргі уақытта барлық бұзушылықтар тексеріліп, жойылды. ТЖД инспекторлары профилактика аясында мектеп пен балабақшада жұмыс істейтін 4,5 мыңнан астам адамға 179 нұсқамалық, педагогтер мен балаларды эвакуациялауды үйрету үшін 98 бірлескен оқу-жаттығу өткізді. Сондай-ақ 10 415 оқушыға 62 интерактивті сабақ ұйымдастырылған.


Соңғы жаңалықтар