+7 (701) 759 90 19
USD 426.77 EUR 509.95
RUB 5.89 CNY 66.34
Jańalyqtar

ШҚО-лық кәсіпкер талқан жасауды кіріс көзіне айналдырған

2021 жылғы 25 сәуір 13:26
Бөлісіңіз:
ШҚО-лық кәсіпкер талқан жасауды кіріс көзіне айналдырған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Дайыр ауылының тұрғыны Мамырбек Бірлік тарыдан талқан жасап нәпақасын табуда. Бүгінде оның «Батыр бала» атты талқаны нарыққа шығып, отандық өнімнің өрісін кеңейткен. Жуықта ҚазАқпарат тілшісі ұлттық тағамды ұлықтап жүрген кәсіпкермен сұхбаттасып қайтты.

- Жеке кәсіппен айналысу жайлы ой қалай келді?

- Отбасымызбен 2003 жылы Қытай елінен атажұртқа қоныс аудардық. Негізінен бала күнімнен сурет салуды жақсы көретінмін. Кейін 2004 жылы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ қлттық өнер академиясына оқуға түстім. 2010 жылы аталған оқу ордасын тәмәмдап, қайта ауылыма қайттым. Ауылда ол кезде жұмыс табу мүмкін болмады. Екі қолға бір күрек таппай сандалғанша, қорадағы азын-аулақ малдың басын біріктіріп, аға-бауырларыммен бірге «Қабыл» шаруа қожалығын құрдық. Кәсібіміздің іргетасы осылай қаланды. Содан бастап мал тұқымын асылдандырып, ет өндірісімен айналыстық.

- Талқан шығаруды қашаннан бері қолға алдыңыз?

- Ауылды жерде жұмыс жоқ деу сыныққа сылтау тапқанмен бірдей. Керісінше ауыл кәсіп ашуға үлкен мүмкіндік береді. 2018 жылдан бастап «Qabyl agro» ЖШС-сын құрдық. Бұған дейін тек шикізат өндірумен ғана айналыссақ, енді оны өңдеп, нарыққа шығаратын серіктестік аштық. Бір ғана тарының өзінен 4-5 түрлі өнім шығаруға болады. Мысалы, тары жармасы, тары талқаны, жент, сөк және балаларға арналған талқан. Сондай-ақ арпа, сұлы, бидай талқанын да тартып шығарып жатырмыз. Енді алдағы уақытта жүгеріден де талқан жасауды жоспарлап отырмыз. Талқан жұғымды, құнарлы тағам болғандықтан, тұтынушылар саны күн санап артып келеді.

- Талқанының құрамында не бар?

- «Батыр бала» талқаны негізінен аты айтып тұрғандай балаларға арналған. Ол тек аудан көлемінде ғана емес, республикамыздың түкпір-түкпіріне тарап жатыр. Әр шаңырақтың бір батыры бар. Балалар осы талқаннан шабыт, күш-қуат алсын деп «Батыр бала» атадық. Ұлттық тағамымызды мақтанышпен жесін деген ниет болды.

Шынын айтқанда, қазір бүлдіршіндеріміздің тамақтану үрдісі бұзылып барады. Дүкендегі түрлі тәттілер баланың денсаулығына қаншалықты зиян екенінен көпшілік бейхабар. Талқанының ерекшелігі - құрамында химиялық қосындысы жоқ таза өнім. Аталған талқан тек қойдың құйрық майы, арпа, бидай, тары талқандарының қосындысынан жасалады.

Талқанды өзіңізбен бірге алып жүруге де ыңғайлы. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтуді көздеп отырмыз. Балаларға арналған талқан бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған қалалары мен Шығыс Қазақстан облысында саудаға қойылған. Серіктестігіміз күніне 2-3 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Десе де, карантин талаптарына байланысты қазір күніне 500-600 келі өніммен шектеліп отырмыз.

– Ұлттық тағамның денсаулыққа қандай пайдасы бар?

– Тарының емдік қасиеті мол ғой. Ата-бабамыз ұзақ аурудан әлсіреген науқастың денсаулығын ашыған көжемен көтерген. Бұл бауырдың, бүйректің жұмысын жақсартады. Қыздырған тары ісікті басып, тіс ауырғанды тоқтатады. Ерте заманда тарының емдік қасиетін білген емшілер бауырға таптырмас ем екенін айтқан. Тары көже - әрі сусын, әрі тамақ.

- Алға қойған жоспарларыңыз қандай?

- Мақсатым – ұлттық тағамдарымызды ұлықтап, өскелең ұрпаққа дәріптеу. Алдағы уақытта Наурыз көжені де өңдеп, алып жүруге ыңғайлы етіп жасауды жоспарлап отырмын. Яғни, халыққа көжені тек Ұлыстың ұлы күнінде ғана емес, кез келген кезде іше алатындай жағдай жасағым келеді. Ұлттық өнімдерімізді зерттеу мақсатында кітап жазуды да көздегеніміз бар.

- Әңгімеңізге көп рақмет!

Талғатжан Мұхаметбекұлы


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Талғатжан Мұхаметбекұлы

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Үмбет Шолпан
Үмбет Шолпан
954-059

MURAǴAT