ШҚО құтқарушылары тыл еңбеккерінің үйінде сенбілік өткізді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен №29 мектептің қосымша білім беру орталығының жас құтқарушылары тыл еңбеккері Зоя Ларионованы Жеңіс күнімен құттықтап, ауласында сенбілік ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зоя Александровна үйіне келген көмекшілерге атқарылатын жұмыс көлемін белгілеп берді. Олар ауланы жинастырып, қоқыстан, арамшөптен тазартты. Қураған ағаштар мен бұталарды кесіп, бақшадағы жерді қопсытты.

«Үй ішін де жинап, көмірқышқыл газ мөлшерін анықтайтын арнайы датчик орнатты. Сенбіліктен кейін құтқарушылар тыл еңбеккеріне сол бір жылдарды еске түсірту үшін далада пісірілген сарбаз ботқасынан дәм татқызды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.


Зоя Ларионова сұрапыл соғыс жылдарын еске түсіргенде көзіне ылғи жас алады. Олар Өскемен қаласының іргесіндегі ауылда тұрған. Соғыс басталған сәттен-ақ балалық шағы аяқталды. Әкесі майданға аттанып, анасымен және екі әпкесімен бірге колхозда жұмыс істей бастады. Ол кезде небәрі 9 жаста еді.


«Қолымыздан келгенше еңбек еттік. Жоқшылықта, аштықта өмір сүрдік. Анам ауырып госпитальда жатқанда, үйде 4 қыз жетімсіреп қалдық. Соғыс біткен кезде колхоз мені Өскемендегі училищеге тракторшы курсына жіберді. Жігіттермен қатар тракторшы куәлігін алдым. Хатшы да және кассир де болып жұмыс істедім. Соңғы жұмыс орным – өрт сөндіру бөлімі болды. Мұнда 29 жыл еңбек еттім», - дейді тыл еңбеккері.

Өзін арнайы құттықтап, үй-ауласын тазалап кеткен құтқарушыларға шынайы ризашылығын жеткізді.


Бұған дейін ШҚО әкімі соғыс ардагерін арнайы барып құттықтаған еді.


Соңғы жаңалықтар