ШҚО құтқарушылары ресейлік әріптестерімен бірлесіп оқу-жаттығу өткізді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының және Ресей Федерациясының құтқарушылары орман өрттерін сөндіруге сақадай сай дайын болу үшін ауқымды оқу-жаттығу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің шектес аумағында ауқымды трансшекаралық өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өтті.

«Өртте шекара болмайды. Сондықтан тілсіз жауға қарсы тұру үшін бірлескен іс-қимылдарды пысықтау маңызды. Екі елдің өрт сөндірушілерінің алдында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесінің Морозов филиалы Полян орманшылығы аумағында шартты орман өртін жою міндеті тұрды», - деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша найзағай түсіп, орманда өрт шыққан. Жел екпіні секундына 12,5 метрге жетіп, жақын маңдағы Ерназар ауылында, сондай-ақ Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің Степно-Михайловский орман шаруашылығының іргелес аумағында өрт таралған. Осы ауылдардың тұрғындары жедел түрде эвакуацияланып, зардап шеккендерге ШҚО филиалы Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері көмек көрсетті.

Шартты өртті сөндіруге Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысы құтқарушыларынан, орман шаруашылығынан, «Семей орманы» «Ертіс орманы», Табиғат пайдалануды реттеу және пайдалану басқармасы, 68303 әскери бөлімінен 55 адам және 164 техника жұмылдырылған.

Жедел әрекет ету үшін ШҚО ТЖД құтқарушылары суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағын іске қосты. Отқа қарсы тұрған күрделі және көп сағат бойы құтқарушылардың, екі жақтың орманшыларының күш-жігерінің арқасында 280 гектар алқаптағы өрт сөндіріліп, жалынның ары қарай таралуына жол берілмеді.

«Осындай ауқымды жаттығуды өткізу азаматтық қорғаудың жеке құрамына және құтқарушыларға, авиаорманқорғауға, орманшыларға елді мекендерге төнген қауіпті ескере отырып, орман және дала өрттерін сөндіруде өз шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да осындай дайындық жұмысы ұйымдастырылады» -деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығы Ерлан Нұрпейісов.

Шығыс Қазақстанда жауынгерлік іс-қимылдар жүріп жатқан кезде Ресей тарапы онлайн режимде өртті сөндіру барысын қадағалап және өз қимылдарын үйлестірді.

«Оқу-жаттығуларды өткізудің барлық шарттары шынайы жағдайға жақын болды. Шекара маңындағы ауданда бірлескен жаттығу өткізу төтенше жағдайлар бөлімшелерінің, Ресей мен Қазақстанның орман шаруашылығы табиғи өрттердің туындауына екі жақты дайындығын бағалауға мүмкіндік береді», - деді Ресей ТЖМ Алтай аймағы бойынша 9-өрт сөндіру-құтқару жасағының бастығы Юрий Волков.


Соңғы жаңалықтар