ШҚО құтқарушылары отшашу атқан кездегі қауіпсіздік шараларын түсіндірді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары отшашу атқан кездегі қауіпсіздік шараларын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар Жаңа жыл қарсаңында отшашуды қалай дұрыс ату және пиротехниканы қалай таңдау қажеттігі туралы айтып берді.

«Дүкендерде пиротехниканың сан алуан түрі сатылады. Отшашу – ойын-сауық қана емес, ол үлкен қауіп төндіреді. Сапасыз отшашулар мен азаматтардың қауіпсіздік шараларын сақтамауы салдарынан өрт болып жатады. Сатушыларға өздері нұсқаулықтарды оқып, содан кейін тұтынушыларға пайдалану ережелерін түсіндіруді ұсынамыз. Сондай-ақ ешқандай жағдайда балаларға отшашулар сатпау қажет», - деді мамандар.

Отшашуды ату үшін дұрыс орын таңдау маңызды. Бұл кең әрі ашық алаң болуы керек. 50 метрдей радиуста ғимараттар, көліктер және басқа да өртену қаупі бар объектілер болмауы тиіс.

«Адамдар отшашудан кемінде 35-50 метр қашықтықта тұруы қажет. Отшашуды ғимарат ішінде және үй-жайда қолдануға тыйым салынады, Қатты желде де отшашуды атуға тыйым салынады. Атылған кезде отшашудың үстінен еңкейіп қарауға болмайды. Балаларға пиротехниканы қолдануға қатаң тыйым салынған, - деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Серік Амангелдин.


Соңғы жаңалықтар