ШҚО құтқарушылары ғарыштан бақылау арқылы 80-ге жуық өрттің таралуын тежеді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары ғарыштан бақылау арқылы 77 өрттің таралуын уақтылы тежеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде аптап ыстық жалғасуда. 8 маусымда ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Осы ретте, құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертуде.

«Өрттің алдын алу мақсатында өрт сөндірушілер, орманшылар, полиция, жергілікті атқарушы орган өкілдері қатарынан 46 мобильді топ құрылған. Профилактикалық рейдтер нәтижесінде заң бұзған 32 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Отты бастапқы кезеңде анықтап, жедел ауыздықтау үшін құтқарушылар ғарыш арқылы мониторинг жасайды. Бүгінгі таңда ғарыштық технологиялардың көмегімен 77 өрттің таралуы уақтылы тежелді.

«Дала өрті негізінен азаматтардың отты абайсыз қолдануынан және қарапайым қауіпсіздік шараларын бұзуынан шығады. Сондықтан халықты барынша сақ болуға шақырамыз. Орманда мүлде от жағуға болмайды. Балаларға сіріңкемен ойнаудың қауіптілігі туралы түсіндіру керек», - деді Н.Өміржанов.

Соңғы жаңалықтар