ШҚО құтқарушылары аптап ыстыққа байланысты су айдындарында бақылауды күшейтті

None
Фото: ШҚО ТЖД
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында аптап ыстыққа байланысты құтқарушылар су айдындарында бақылауды күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде кешелі бері сынап бағанасы 30 градустан түспей тұр.

Соған орай халық жаппай су айдындарының жағасына ағылып жатыр. Қауіпсіздік мақсатында құтқарушылар су айдындарын патрульдеп жүр.

Шомылу маусымы басталғалы бері барлығы 100-ге жуық профилактикалық рейд жүргізілді.

Тәжірибе көрсеткендей, жазатайым оқиғалар көбінесе шомылуға рұқсат етілмеген жағажайларда болады.

Сондықтан мамандар халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, суға түсуге тыйым салынған жерлерге ескерту белгілерін орнатуда.

«Аптап ыстық басталысымен бақылауды күшейттік. Қайықпен демалушылар жиі баратын жетуі қиын орындарға да аралап жатырмыз. Мұндай бақылау су айдындарындағы қайғылы оқиғаларды азайтуға септігін тигізеді», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.

Облыс әкімдігінің жаңа қаулысы бойынша биыл өңірде шомылуға арналған 21 учаске белгіленді.

Ал 74 учаскеде суға түсуге тыйым салынған.


Соңғы жаңалықтар