ШҚО компаниялары Қарашығанақты игеруге атсалысады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменге Батыс Қазақстаннан облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған делегация келді. «Қарашығанақ Петрелиум Оперейтинг» компаниясының бас директоры Эдвин Блом өңірдегі арматура өнімдері мен электр жабдықтарын шығаратын бірнеше кәсіпорынға бас сұқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуелі қонақтар түрлі санаттағы арматура шығаратын 3 зауытта болды. Өскемен арматура зауытында батысқазақстандық делегацияға роботтандырылған дәнекерлеуші кешен таныстырылды. Аталмыш кәсіпорынның мұнай өндірісіне арналған  жабдықтары мен құбыр жүргізу арматуралары Ресей және Өзбекстан елдерінде сұранысқа ие. Ал «Силумин-Шығыс» серіктестігі Қарашығанақ консорциумымен  5 жылдан бері  жұмыс істеп келеді. Мұнда инвестор өздері тұтынып жүрген тауарлардың қалай өндірілетінін көрді.
nullnull

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» өндіріс аясын кеңейтудің екінші кезеңін бастайды. Осы кешенді жұмысқа қазақстандық өндірушілерді көптеп тартуға мүдделіміз. Жоғары технологиямен өндірілетін сапалы жабдықтарды сырттан алмай, ел ішінде тұтыну бізге де тиімді.  Шығыс Қазақстан облысының компанияларымен жоғары деңгейде жұмыс істеу тәжірибеміз бар. Бұл өңірдің кәсіпорындары әр тарапты қамтитындығымен тартымды. Бүгін бастау алған диалогтың жалғасын табатынына сенімдімін. Шығыс Қазақстанның туризм саласындағы әлеуетімен жақсы таныспын. Келешекте мұндай турист ретінде келсек дейміз» - деді Эдвин Блом. 
null

Қарашығанақ жобасындағы жергілікті мазмұнның үлесі 54,7 пайызды құрайды. Компания басшысының айтуынша,  бұл көрсеткішті Төртінші өнеркәсіптік революция аясында арттыру көзделіп отыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов делегация назарына ұсынылған кәсіпорындардың барлығы аталмыш талапқа сай жұмыс істеп жатқанын атады.   

«Өскемен арматура зауыты» соңғы жылдары 100 миллион долларға қайта жаңарту жұмыстарын жүргізді. «Силумин-Шығыс» ЖШС  барлық өндіріс желісін автоматтандыруға 60 миллионнан астам доллар жұмсаса, «Өнеркәсіптік арматура зауытында» бұл сома екі есе артық» - деп атап өтті Даниал Ахметов. 
null
null

Делегаицяның қатысуымен әкімдікте өткен жиында аймақтағы өнеркәсіп ошақтарының Қарашығанақ кен орнын игеру ісіне қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Бұдан бөлек, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстары арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салаларда серіктестік жасау туралы меморандумға қол қойылды. 

«Шығыс Қазақстанға Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аймақаралық кооперация туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында келдік. Басты мақсат - Қарашығанақ консорциумының  отандық өндірушілермен серіктестік көкжиегін кеңейту. Бұған дейін еліміздің 8 облысында болдық. Яғни, Қазақстандағы барлық өнеркәсіптік кәсіпорындардың мүмкіндіктерін саралаймыз. Шығыс Қазақстан - еліміздегі ең үлкен индустриалды аймақ. Осындай сапарлардың арқасында біздің инвестор бұрын шетелден сатып алып келген жоғары технологиялық жабдықтардың Қазақстанда да барына көз жеткізуде» - деді Алтай Көлгінов. 
null

Кездесу барысында ШҚО әкімдігі мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» кәсіпорны жергілікті мазмұнды дамыту бойынша өзара серіктестік туралы меморандумға мөр басты. Ал «Силумин-Шығыс» ЖШС-мен жиілікті-реттегіш жетектерге техникалық қызмет көрсету бойынша ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылды.  Батысқазақстандық консорциумның басшылары «Кэмонт» зауытының электр қондырғыларына да қызығушылық танытты. Кез келген өндіріс ошағының электрмен қамту жүйесін бір ғана модуль-кешенде басқару жобасына Эдвин Блом оң баға берді.
null
null

Меймандар Өскемен қаласын абаттандыру жобаларымен де танысып, «Нұрлы жол» және «Жеңіс» саябақтарын аралады.

Соңғы жаңалықтар