ШҚО қолөнершілеріне 3 млн теңгелік гранттар беріледі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығысқазақстандық қолөнершілерге мемлекеттік бағдарлама аясында 3 млн теңгелік гранттар берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «ШҚО туристік қауымдастығы» ұйымының атқарушы директоры Серік Жүнісов айтты. Облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен жиында өңірде туризмнің қарқынды дамуына кедергі келтіріп отырған жайттар талқыланды.

Туристік операторлар мен демалыс базаларының иелері бізге келген туристердің көбі жол азабы мен жол бойындағы сервистің сапасыздығына шағымданатынын айтты. Маман тапшылығы да саланың алға жылжуына кедергі екені сөз болды. 
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий туристік базалардың арасындағы клиентке деген көзсіз талас та саланың дамуына жағымсыз әсер етіп жатқанын ескертті.

«Біздегі демалыс орындарының иелері «жеке жүріп, жол табуға» құмар. Бір клиентті 10 күн бойы ешқайда жібермей, өзінде ұстағысы келеді. Ал бірнеше күн бойы бір ғана базаның аумағында отыру туристі жалықтырып жіберуі мүмкін. Клиенттерді алмасу тәжірибесін дамыту қажет» - деді Игорь Шацкий.

Ал «ШҚО туристік қауымдастығы» ұйымының атқарушы директоры Серік Жүнісов елдегі туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама мен жаңа заң жобасы жергілікті қолөнершілер мен қонақжай үйлердің тасын өрге домалататынын айтады.

«Мемлекеттік бағдарлама отандық қолөнершілерге 3 млн теңгелік 1000 грант бөлуі мүмкін. Дәл осынша грант қонақжай үйлердің иелеріне де берілмек. Оған қажет 3,3 триллион теңгенің 2 триллионын бюджеттен тыс қаржы көздерінен тарту жоспарланған» - дейді Серік Жүнісов.

Оның айтуынша, айтылған жағымды жаңалық туризм туралы жаңа заң жобасына енгізілген. Ол құжат бүкіл республика бойынша қыркүйек айының соңына дейін талданады.

Соңғы жаңалықтар