ШҚО қаржы басқармасының бастығына қатаң сөгіс жарияланды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде өз лауазымын асыра пайдаланған бірқатар мемлекеттік қызметкерлердің ісі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысын өткізді. Онда мемлекеттік қызметкерлердің заңға қайшы әрекеттері талқыланды. Барлығы лауазымдарын асыра пайдаланған.

Олардың қатарында Семей қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қайрат Ерембесов, жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Құдайберген Сейілханов пен орынбасары Дамир Рахымжанов, сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі Бақтияр Сәлімов бар. Шенеуніктердің заңға қайшы әрекеттері туралы ШҚО прокурорының орынбасары Виталий Шабер баяндады.

«Жоғарыда аталған басшылар әртүрлі құқықбұзушылыққа барған. Мысалы, жер қатынастары бөлімінің жетекшісі мен
орынбасары ҚР Су кодексінде тікелей тыйым салынған су қорғау аймағында жанармай құю бекетін салуға жер учаскесін берген. Басқа басшылар да осы тектес заңсыз әрекеттерді жүзеге асырған», -деді Виталий Шабер.

«Әдеп кеңесі мүшелерінің шешімімен заңсыз әрекетке жол берген Қ. Сейілханов пен Д. Рахымжановқа мемлекеттік органның қызметіне нұқсан келтіргені үшін лауазымды қызметтерін төмендету туралы шешім шығарылды. Ал экс орынбасар Қ. Ерембесов пен Б. Сәлімовке қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылатын болды»,-делінген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті таратқан хабарламада.

Айта кетейік, Қайрат Ерембесов екі күн бұрын ғана облыстық қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалды. Енді жаңа басшының жазасын өтеу туралы соңғы шешімді облыс әкімі қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар