ШҚО халқы Түркия мен Сириядағы зардап шеккендерге 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс волонтерлері, «Бірге жақсылық жасаймыз» қоғамдық қоры мен Достық үйлерінің ұжымы 8 ақпаннан бері Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинастырып жатыр. Бір аптаның ішінде олар және өңір халқы жинаған көмек 10 тоннадан асқан. Қолұшын созғысы келгендер арасында қарттар да жастар да бар.

«Түркия мен Сирияда болған оқиғаларды естіген соң шетте қалмай, қолдан келгенше көмек көрсетуді жөн деп шештім. Ондай апаттар енді болмасын деп тілейміз. Бүгін жиналған гуманитарлық жүкті жөнелтуге дайындалып жатырмыз», - дейді Бексұлтан есімді еріктілердің бірі.

Жіберілетін көмектің ішінде макарон өнімдері, көрпелер, термостар, жаялықтар, жеке гигиена құралдары, ересектер мен балаларға арналған жаңа қыстық киімдер, күрткелер, етіктер, жемпірлер, шалбарлар, қолғаптар, шұлықтар және тағы басқа заттар бар.

«Жерлестеріміз күн сайын бізге бірінші қажеттілік заттарын әкеліп өткізіп жатыр. Олардың барлығын Астанадағы Сирия мен Түркия консулдықтарына жөнелтеміз», - дейді Шығыс Қазақстан облыстық волонтерлер фронт-кеңсесінің басшысы Данияр Жүнісов


Фото: ШҚО Ақпарат орталығы


Соңғы жаңалықтар