ШҚО ғалымдары тасқын қаупін дрон арқылы бақылауды ұсынды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығысқазақстандық ғалымдар тасқын қаупі бар өзен арналарын дрон арқылы бақылауды ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыста көктем сайын арнасынан асып, үйлер мен жолдарға жайылатын бірнеше өзен бар. Үлбі, Үбе, Бұқтырма, Күршім, Қалжыр, Аягөз, Базар, Ұлан, Аблакет, Қызылсу, Шаған өзендері мен Ертістің бірнеше алабы тасқынға бейім су арналары ретінде тіркелген. Ғалымдар осы өзендердің жағдайын дрон арқылы қадағалап отыруды ұсынады. Олар дрон әкелген мәліметтер арқылы мониторниг жүргізіп, қай өзенде су қоры қанша екенін, оның қай кезеңде арнасынан асатынын нақты болжамақ.

«Қолымызда ұшқышсыз апараттар мен жедел метеостанса бар. Ғарыштан мультспектралды түсірілімдерді алуға да мүмкіндік жетеді. Ол түсірілімдер жердің тоңы мен қар қалыңдығын 90-30 метрге дейін нақты айқындай алады. Жоба 2019-2021 жылдарға арналған. Сол уақыттың ішінде біз ШҚО жер бедерінің үлкейтілген масштабтағы цифрлық картасын жасап шығаруымыз керек. Су қоймаларының жағдайын да ғалымдар бақылауға алмақ»- дейді жоба жетекшілерінің бірі Олег Гавриленко.

Аталмыш жоба Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында жүзеге асады. Әзірге оған облыс әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаменті, «Қазгидромет» мекемесі мен Өскемендегі су электр стансасының басшылығы қызығушылық танытып отыр.

Соңғы жаңалықтар