ШҚО-ға өзге өңірлерден есірткі тасымалдаған 8 адам ұсталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысына өзге өңірлерден есірткі тасымалымен айналысқан 8 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл барысында облыс аумағына басқа қалалардан келіп синтетика ұнтақты саудалаған күдіктілерді қолға түсірді.

«Олар сатып алушыларды интернет дүкен арқылы тауып отырды. Кейін есірткіні түнде алдын ала келісілген жерлерге тастаған. Жарты айға жуық уақыт ішінде полиция қызметкерлері курьерлерді қолға түсіруге негіз болатын дәлелдер жинады. Содан кейін ұстау операциясы жүргізілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Павлодар, Қостанай және Ақтөбе облыстарының тұрғындары болған 8 адамнан синтетика есірткінің 1 мың дозасы тәркіленді. Күдіктілердің арасында колледж студенті мен кәмелетке толмаған бала да бар. Қалғандары 23-30 жас аралығында.

«Ұсталғандардың барлығы сот санкциясымен қамауға алынды. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 296, 297-баптары бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.


Соңғы жаңалықтар