ШҚО-ға Өзбекстаннан 800 құрылысшы тартылмақ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Аброр Фатхуллаевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастық, оның ішінде туризм саласындағы серіктестік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, еңбек көші-қоны бағытындағы бірлескен жұмыс мүмкіндіктері сөз етілді. Бұл ретте Өзбекстан Республикасының Бас консулы Аброр Фатхуллаев өз елінің азаматтарын еңбекке тартуда ШҚО-ның тәжірибесі басқаларға үлгі екендігін атап өтті.

«Ел Президенті өткен жылдың тамыз айында қауіпсіз еңбек көші-қонын ұйымдастыру туралы қаулы шығарды. Бұл тұрғыда біз Шығыс Қазақстан компанияларымен серіктестікке мүдделіміз. Кеше «Сервис СМУ« компаниясының басшылығымен кездесіп, құрылыс нысандарын көрдік. Онда жұмыс істейтін мигранттармен жүздестік. Ең бастысы, сіздердің облыстарыңыздағы құрылыс компаниялары жұмысқа тарту шараларын заңнамаға сәйкес жүзеге асырады», – деді ол.

Сондай-ақ Аброр Фатхуллаев ШҚО-ға жұмыс күшінің қажеттілігі бойынша қызметкерлерді қабылдауға көмектесуге дайын екенін айтты.

«Меморандуммен жіті танысып шықтым. Толықтай қолдаймын. Біздің бірінші міндетіміз – Өзбекстаннан келген азаматтарды қабылдап, лайықты жағдай жасау. Барлық тиісті тапсырмалар берілді. Өзбекстандық бауырларымыз жұмыс істейтін құрылыс компанияларын білемін, олармен жуықта кездестім. Егер қандай да бір кемшіліктер болса, қысқа мерзімде жойылады. Жалпы өңірде құрылыс саласындағы кадрларға сұраныс жоғары. Жақын арада біз 800 адамға өтінім береміз», - деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар аймақ басшысы машина жасау саласында бауырлас елдердің жақсы жұмыс істей алатынын атап өтті. Себебі Өзбекстанда машина жасау зауыты бар, ал Шығыс Қазақстанда түрлі техникалар жинақталады.

Соңғы жаңалықтар