ШҚО-ға Қытайда сатып алынған медицина бұйымдары жеткізілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысына Қытай елінен медициналық бұйымдар жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін сағат 18.20-да медицина бұйымдары тиелген салмағы 14 тоннаны құрайтын жүк Қытайдан Өскемен әуежайына жеткізілген. Оның ішінде 100 мың экспресс-тест, 18 мың қорғаныс костюмі, 80 мың респиратор, 10 мың дана қорғаныс маскасы бар.


Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, медициналық бұйымдар мен арнайы құралдарды сатып алу және тасымалдау «Парыз» қоғамдық қоры есебінен қаржыландырылған. Тауарларды қысқа мерзім ішінде сатып алу қытайлық серіктес – шыңжаңдық «Сан Бао» сауда-өнеркәсіптік корпорациясы ЖШС арқасында мүмкін болды. Аталмыш компания ШҚО тұрғындары үшін өз есебінен 10 млн теңгеден астам сомаға қосымша Alena-310 маркалы 2200 қорғаныс маскасын, сондай-ақ 200 мың дана қан алу үшін бірреттік инелер мен градуирленген тамызғыштарды жіберген.


«Осылайша, облыстың барлық инфекциялық, провизорлық және обсервациялық стационарларының қажеттілігі толығымен қамтамасыз етіледі. Экспресс-тесттен алдымен КВИ-мен күресте алдыңғы шепте жүрген мамандар өткізіледі. Олар медицина, құқық қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық органдардың қызметкерлері», - делінген ақпаратта.


«Елбасы үндеуіне сәйкес және ел Президентінің тапсырмасын орындау аясында біздің облыс қысқа мерзімде қытайлық әріптестермен ынтымақтастықта қажетті медициналық бұйымдар мен тауарларды сатып алды. Бұл біздің жерлестеріміздің денсаулығы мен өмірін сақтау үшін алдыңғы қатарда жұмыс істеп жүрген медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын COVID-19-дан қорғау құралдарының қорын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді аймақ басшысы.


Тауарларды тиеп жөнелтуге «Nur Otan» партиясының еріктілері де белсенді түрде қатысты. Облыстың қалалары мен аудандарына ары қарай тарату үшін медициналық бұйымдар Жұмылдыру дайындығы басқармасының қоймасына жеткізіледі.


Соңғы жаңалықтар