ШҚО-ға келген шетелдік жайлы уақытылы хабарламаған 200-ден астам адам жауапқа тартылды
2022 жылғы 6 шілде 15:21

ШҚО-ға келген шетелдік жайлы уақытылы хабарламаған 200-ден астам адам жауапқа тартылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысына келген шетел азаматы туралы құзырлы органдарға уақытылы хабарламаған 200-ден астам адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Нелегал-2022» жедел алдын алу шарасын жүргізуде. Шара барысында көші-қон қызметінің мамандары облыста уақытша және тұрақты тұратын шетел азаматтарының мекенжайларын және шетелдіктерді қабылдаушы тұлғалардың тиісті хабарламаларын тексеріп жатыр.

«Бүгінде аймаққа келген шетелдік жайлы уақытылы хабарламаған 200-ден астам Қазақстан Республикасының азаматы жауапқа тартылды. Мәселен, Шемонаиха қаласындағы қонақ үй иесі онда 15 күннен артық тұрған шетел азаматының болғаны туралы құзырлы органдарға хабар бермеген. Полицейлер жеке кәсіпкерге қатысты ӘҚБтК-тің 518-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырды. Енді қонақ үй иесі 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, көші-қон қызметінің өкілдері шетелдіктерді қабылдаушы жеке және заңды тұлғалар 3 күн ішінде хабарлауға міндетті екенін ескертеді. Ол үшін сол қала, аудандағы көші-қон қызметі бөлімшесіне жүгіну қажет.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Өскеменде жеңгетайлықпен айналысқан сауна әкімшісі ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT