ШҚО-ға келген құтқарушылар тобы су тасқынының алдын алу шараларын жүргізуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысына келген құтқарушылар тобы су тасқынының алдын алу шараларын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін өңірдегі су басу қаупі төнген аймақтарға арнайы техникалар мен әскерилер жеткізілгенін хабарлаған болатынбыз.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қарағанды облыстық №52859 әскери бөлімінің қызметкерлері қазіргі уақытта Көкпекті ауданы Самар ауылында және Алтай ауданының су басу қаупі төнген екі аймағында тасқынға қарсы шараларды қолға алған.

Құрамында 50 адамы бар жеке құрам жергілікті атқарушы органдарға және ауыл жұртшылығына қарды шығару және арықтарды, су өткізу нысандарын тазалау бойынша жұмыстарға белсенді көмек көрсетуде. Аталған аудандарда барлығы 10 106 метр су өткізгіш пен 3904 метр су бұру арналары тазаланды. Сондай-ақ 11 үй маңындағы аумақтардан қар шығарылып, 1320 қап инертті материал төселді.

Бұдан бөлек, ұзындығы 45 метр мұз кесу жұмыстары жүргізілген. Мұздың қалыңдығы 1,5 метрді құрайды. Су тасқыны туындаған жағдайда халыққа іс-қимыл тәртібі түсіндірілді.


Соңғы жаңалықтар