ШҚО дәрігерлері сирек жасалатын әдіспен жас жігіттің аяғын сақтап қалды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлері елімізде өте сирек жасалатын әдісті қолдана отырып 18 жастағы жігіттің аяғын сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірнеше жерден жарақат алған жас жігіттің аяғын сақтап қалу үшін травматолог-хирургтар Masquelet әдістемесін қолданды.

Мотоцикл тізгініне ие бола алмай қалған Ярослав Пятков жол апатына түсіп, жамбасын бірнеше жерден сындырып алған. Жамбастың ашық сынығына, алдымен облыстық балалар ауруханасында ота жасалды.

Алайда біраз уақыттан кейін жара асқынып, іріңдеп кеткен соң, науқас Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасына жеткізілген. Қайта ота жасалғанымен, науқастың жағдайы жақсармады. Соның салдарынан ашық сынықтардың күрделі және қауіпті асқынуы өрши берді.

«Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми орталығындағы әріптестер бізге емдеу үшін әлемдік ортопедиялық практикада кең таралған, бірақ Қазақстанда өте сирек жасалатын Masquelet әдістемесін қолдануды ұсынды. Орталықтың директоры Еркін Жүнісов операцияны жүргізуге көмектесу үшін Алматыдан өзі арнайы келді», - деді облыстық аурухананың ортопедия бөлімінің меңгерушісі Думан Бакербеков.

Оның айтуынша, бұл әдістеме екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде сүйектің некроздан зардап шеккен тұсы алынып тасталды. Оның орнына антибиотикпен араластырылған цемент имплант уақытша қойылды. Антибиотик жараның қабынуын тоқтатады.

«Алты аптадан кейін оның орнына сүйек имплантын орнатамыз. Осылайша, бірінші кезең сәтті өтті. Бірнеше күннен кейін жараның қабынуы басылды. Науқас жағдайының жақсарғанын айтуда», - деді Думан Бакербеков.

Пациент Ярослав Пятков дәрігерлерге ризашылығын айтты. Оған бұл медициналық көмек МӘМС аясында тегін көрсетілген.

«Ауруханада дәрігерлер маған жақсы қарады. Үнемі қамқорлық танытып, қолдау көрсетуде. Осында жатып туыстарымды, достарымды сағындым. Тезірек колледждегі оқуыма оралсам деймін. Соңғы отадан кейін өзімді бірден жақсы сезіндім, ауырсыну азайды, ірің жоқ», - деді жас жігіт.


Соңғы жаңалықтар