ШҚО дәрігерлері салмағы өте аз шақалақтардың 65% өмірін сақтап қалды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында акушерлік және балалар медицинасы соңғы бірнеше жыл бойы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда акушерлік көмек көрсету жүйесін жаңғыртудың бірегей бағдарламасы іске қосылды. Онда тек перзентханалар мен бөлімдерді жөндеу және жабдықтау ғана емес, ана мен бала жүйесінде сапалы өзгерістер енгізу қарастырылған. Соның нәтижесінде, салмағы аз шала туған шақалақтарға күтім жасап, оңалту шараларын жүргізуге барлық мүмкіндік жасалды.

«Бұрын салмағы 500 грамдық нәрестелерді құтқару және күту өте қиын болып саналған. Қазір неонатологтар сәбидің өмірін сақтап қана қоймай, оған қажетті барлық жағдайды жасай алады. Бұл Шығыс Қазақстанда шала туған шақалақтарды оңалту мәселесіне көп көңіл бөлінуінің жемісі. 22-23 аптада дүниеге келген нәрестелердің дамуында қандай да бір ауытқулар болуы мүмкін. Сондықтан олар невропатолог, офтальмолог, лор, физикалық сауықтыру нұсқаушылары сынды түрлі мамандардың бақылауына мұқтаж», - деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығынан.

Облыстық Ана мен бала орталығында былтыр салмағы 500-ден 900 грамға дейінгі 88 нәресте туса, биыл олардың саны тек 8 болды.

Сондай-ақ орталықта мұндай шақалақтардың өмірін сақтап қалу көрсеткіші де өскен. 2018 жылы дәрігерлер салмағы аз нәрестелердің 50 пайызын аман алып қалса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 65 пайызға жетті.


Соңғы жаңалықтар